Skip to Content

Часто задаваемые вопросы

Ыдыс жуғыш машинаны пайдалану  үй шаруасын оңайырақ етіп, уақытты үнемдейді. Сонымен бірге, қоршаған ортаға да пайдалы, себебі ыдыс жуғыш машина ыдысты қолмен жуғанға қарағанда электр қуаты мен суды азырақ тұтынады. Әдетте өндіруші ыдыс жуғыш машинаға жарамды немесе ыдыс жуғыш машинаға қауіпсіз деп таңбалаған барлық ыдысты ыдыс жуғыш машинада жууға болады. Егер бірнеше қарапайым ережені орындап, Somat өнімдерінің ең лайықтысын қолдансаңыз, ыдыс-аяғыңыз машинадан әрдайым кіршіксіз әрі жылтыр болып шығады.

Алдын ала шаю/тазалау
Машинаның түріне қарай шаю циклы бар кейбір бағдарламаларды тікелей таңдауға болады. Бұл бағдарламалар әдетте қарқындырақ тазалауды қамтамасыз етеді. Тиісті ақпаратты машинаның нұсқаулығынан немесе машинаны өндірушінің басты бетінен алуға болады. Алдын ала шаю/тазалау функцияларының көмегімен тағам қалдықтарын әуелі суық сумен оңай кетіріп, шайып тастауға болады. Сонда жуғыш құрал үлестіргіш ұядан автоматты түрде қосылмас бұрын таза сумен жуу циклы басталады. Қандай бағдарламаның таңдалғанына байланысты су 35 пен 75 °C арасында орнатылған температураға дейін ысытылады. Тазалау циклы 15 минуттан 90 минутқа дейін созылады да, жуылған су төгілгенде аяқталады.

Аралық шаю
Барлық бағдарламаларға аралық шаю кіреді. Бұл цикл жуған су мен ластың қалдығын кетіріп, ыдыс-аяқты соңғы шаюға дайындау үшін керек. Аралық шаю жуылған су төгіліп жатқанда аяқталады.

Соңғы шаю
Алдын ала шаюдан басқа барлық бағдарламаларда соңғы шаю функциясы бар. Су машинаға құйылады да, стандартты бағдарламаларда ең көбі 75 °C градусқа дейін ысытылады. Ол ысытылып жатқанда шайғыш құрал үлестіргіштен автоматты түрде қосылады. Somat 7, 10 құралының немесе Gold Somat All in One және Somat Gold құралдарының көмегімен қосымша шайғыш құрал қажет емес, себебі ол осы өнімдердің құрамында бар.

Кептіру
Тек стақандарды тез жууға арналған өте қысқа “тек шаю” циклдарынан басқа барлық бағдарламаларға кептіру кіреді. Соңғы шаюдан сақталған ыстық ыдыс-аяқты кептіруге көмектеседі. Кептіру циклына әдетте 20 – 70 минут уақыт кетеді.

Жаңалау
машиналардың басым көпшілігі Somat Special Salt тұзымен пайдалануға жарайды. Бұл машиналар сауыттағы тұз ерітіндісін пайдалану арқылы қолайлы уақыт аралықтарында кіріктірілген су жұмсартқышты автоматты жаңалауды орындайды. Егер Somat All in One немесе Somat Gold құралы пайдаланылса, судың кермектігі 21 °dH мәнінен (Германияның кермектік шәкілі бойынша) аспаған жағдайда, ыдыс жуғыш машина тұзын қосу керек емес.

Біріншіден, ыдыс жуу температурасын 50 °C градусқа немесе 55 °C градусқа дейін төмендетуге болады. Сонда жылына шамамен 84 кВт/сағ. электр қуаты мен 1,497 литр су үнемделеді.

Екіншіден автоматты бағдарламаны пайдалану керек. Ол ыдыс жуғыш машинадағы ыдыс-аяқ үшін ең қолайлы параметрлерді анықтап, су мен электр қуатының дұрыс мөлшерін пайдаланады. Ыдыс-аяқты өндірушінің нұсқауларында ұсынылғандай етіп сұрыптап орналастырыңыз. Су құйылатын түтіктегі сүзгі жүйесін үнемі тексеріп, тазалап отырыңыз. Және мүмкіндігінше ыдыс жуғыш машина ыдысқа толы болғанда ғана іске қосыңыз.

Автоматты бағдарламалар машинадағы ыдыс үшін ең қолайлы параметрлерді автоматты түрде реттеп, су мен электр қуатының дұрыс мөлшерін пайдаланады да, сол арқылы қоршаған ортаны қорғауға көмектеседі.

Қазіргі заманғы ыдыс жуғыш құралдарын нұсқауларға сәйкес пайдаланса, олар тіпті 50 °C немесе 55 °C температурада және автоматты бағдарламалардың көмегімен қалаған жуу нәтижесіне жете алады.

“Ыдыс жуғыш машинаға жарамды” және “ыдыс жуғыш машинада жууға болады” терминдері көбінесе ыдыстың сипаттарын көрсету үшін пайдаланылады. “Ыдыс жуғыш машинаға жарамды” термині ресми түрде айқындалмаған және оны ыдысты өндіруші әншейін тәжірибенің негізінде таңдайды. Екінші жағынан “ыдыс жуғыш машинада жууға болады” терминіне келсек, металл емес ыдыс-аяқты сынақтан өткізу мен бағалау екі халықаралық стандартта көрсетілген, EN 12875-1 және -2. Бұл сынақтардың нәтижелері ыдыс-аяқ бүлінбестен шыдай алатын ыдыс жуу циклдарының ең үлкен саны түрінде стандартты белгішемен көрсетіледі. Металл бұйымдар үшін әл күнге дейін стандартталған сынақтар жоқ. Магниттелмейтін металдардан жасалған немесе бір ғана материалдан жасалған кәстрөлдер мен табаларды ыдыс жуғыш машинада ешқандай қиындықсыз жууға болады; олар әдетте “ыдыс жуғыш машинада жууға болады” деп таңбаланады. Егер бұйым әр түрлі материалдардан жасалған болса, мысалы, тұрқы металдан, ал сабы пластмассадан жасалса, және күмәніңіз болса, өндірушімен кеңескен дұрыс.

Ыдыс-аяқ алуан түрлі материалдардан жасалады. Ыдыс жуғыш машинада жуған кезде бұйымға не болатыны оның материалдарына және жасалу немесе өңделу әдісіне байланысты болады.

Тот баспайтын болат
Ас құралдары, кәстрөлдер, табалар, тағам салатын таяз тәрелкелер, қалақшалар, ожаулар және елеуіштер көбінесе тот баспайтын болаттан жасалады. Темірден және “әдеттегі” болаттан өзгеше, тот баспайтын болат тоттанбайды. Мұның себебі – темір басқа металдардың, атап айтқанда, хром мен никельдің түрлі мөлшерімен қорытылған. Тот баспайтын болатты әдетте ыдыс жуғыш машинада жууға болады.

Шыны
Шыны өзінің мөлдірлік, жарықты бөлшектеу және шағылыстыру, су өткізбеу және химиялық заттарға төзімділік сияқты ерекше сипаттарына байланысты ыдыс жасау үшін жиі пайдаланылады. Шыныны әдетте ыдыс жуғыш машинада жууға болады.

Күміс
Ыдыстың ыдыс жуғыш машинада ең көп жуылатын түрі ас құралдары болып табылады. Автоматты ыдыс жуғыш машиналарда жууға жарамсыз бұйымдар: аса жұқа күміс жалатылып, қосымша сыр жағылған әрлі астыңғы тәрелкелер, шаралар мен таяз тәрелкелер, шай стақан ұстатқыштар, тұз бен бұрыш сауыттар және қант сауыттар.

Ағаш
Желімделмеген ас пісіретін қасықтар сияқты сырланбаған бұйымдарды машинада жууға болады. Алайда, олардың түсі кетуі және көбінесе беткі қабаты бұдырлануы мүмкін. Беткі қабаты үлкен ағаш тақтайларда күш түскеннен жарықшалар пайда болуы мүмкін. Ас құралдарының ағаш саптары күңгірт тартып, жарылуы мүмкін. Сырланған ағаш ыдыс жуғыш машинада жууға жарамайды. Ағаш ісінеді де, бұл оның сырының сыдырылуына себеп болады.

Керамика
Жұқа қыштан жасалған ыдысты төрт топқа бөлуге болады: қыш ыдыс, тас ыдыс, фарфор және сантехникалық фарфор. Осы материалдарды ыдыс жуғыш машинада жуу қауіпсіздігіне келсек, әдетте материал неғұрлым қатты әрі кеуектігі төмен болса, ол ыдыс жуғыш машинада жуу үшін солғұрлым жарамды болады.

Пластмасса
Қыздыру элементтері ашық машиналарда пластмасса бөліктерді астыңғы сөреге қойса, олардың пішіні тез бұзылуы мүмкін. Сондықтан пластмассаны үстіңгі сөреге қойған дұрыс болады. Тез дақ түсіретін тағам (қызанақ шырыны, кетчуп, сәбіз шырыны, қызылша, қызыл орамжапырақ) болғанда, пластмассаның түсі өзгеруі мүмкін.

Күміс пен тот баспайтын болаттан жасалған заттарды машинаға бірге салып жууға болады. Алайда, жуған кезде әр түрлі металдарды бір біріне тигізбеу керек, әйтпесе металдардың түсі кетіп, бетіне дақ түсуі мүмкін.

Қоспасыз алюминий қышқылдармен де, сілтілермен де әрекеттеседі де, тіпті оған тек су ғана тисе де, оның беткі қабатында өзгеріс байқалуы мүмкін. Алюминийдегі қара дақтар “су теңбілдері” ретінде белгілі. Сарымсақ сыққыштарда жиі пайдаланылатын мұндай алюминий ыдыс жуғыш машинаға жарамайды, себебі біржола бүлінеді. Алюминийден жасалған кәстрөлдер мен табалардың ыдыс жуғыш машинаға жарамайтыны немесе қауіпсіз жуылатыны туралы кеңес алу үшін өндірушімен кеңескен дұрыс. Тіпті кәстрөлдер мен табалардың түбіндегі жабыны жоқ алюминий қабаттар да олардың ыдыс жуғыш машинаға жарамайтынын білдіруі мүмкін.

Машинаға ыдысты салардан бұрын оңай кетірілетін тағам қалдықтарын алып тастаңыз. Шұңғылшада алдын ала шаю керек емес әрі экологиялық тұрғыдан дұрыс емес. Тек саумалдық, шылымның күлі немесе туралған асшөп сияқты, суда ерімейтін қалдықтарды ғана шаюға болады. Оларды ең бірінші кезекте жуу керек, себебі олар басқа ыдысқа жабысып қалуы мүмкін.
Ыдыс-аяқ сөрелерде мықты тұруға тиіс. Әсіресе шыны ыдыс бір біріне үйкеліп, бүлініп қалмас үшін оларды мықтап орналастыру керек.
Шыныаяқтарды сөрелердің бұрышына қойып, ал шұңғыл тәрелкелерді ортасына орналастырған дұрыс. Заттарды сөредегі басқа заттардың үстіне бос қоймаған дұрыс, себебі олар “бүркілмейтін аймақ” түзуі мүмкін, ал ол ыдыс жуғыш машинадағы заттардың барлығына бірдей судың жетуіне кедергі келтіреді.
Сонымен қатар бүріккіш түтіктердің еркін айналуын қамтамасыз етіңіз.
Ірі бұйымдарды астыңғы сөреге, ал стақандар мен шыныаяқтар сияқты осал бұйымдарды үстіңгі сөреге орналастыру керек.
Ас құралдарын сұраптамастан, сабын төмен қаратып, ас құралдары себетіне орналастыру қажет. Егер машинада ас құралдарына арналған сөре болса, оларды сөреге салған кезде сұрыптауға болады.
Қыздыру элементтері ашық машиналарда пластмасса бұйымдарды астыңғы сөреге қойса, олардың пішіні тез бұзылуы мүмкін. Сондықтан пластмассаны үстіңгі сөреге қойған дұрыс болады.

Ыдыс-аяқ салқындауы үшін, бағдарлама аяқталғаннан кейін ыдыс жуғыш машинаның есігін бірнеше минут сәл ашық қалдыру қажет. Үстіңгі сөреде қалған су астындағы құрғақ ыдыстарға тамшыламас үшін әуелі астыңғы сөреден бастаңыз.

Дұрыс пайдаланылса, ыдыс жуғыш машинаны күн сайын тазалау қажет емес, себебі жуу камерасы мен сөрелер ыдыс жуу барысында автоматты түрде тазаланады. Алайда, сүзгі жүйесін үнемі тазалап тұру қажет.
Егер ыдыс жуғыш құрал тым аз салынса, ыдыстағы ірі немесе аса майлы тағам қалдықтарын қырып алмаса немесе таңдалған бағдарлама ластану дәрежесіне, майлы қалдықтарға немесе тағамның басқа қабаттарына жарамды болмаса, қалдықтар ыдыс жуғыш машинаның ішінде қалып қойып, жүйедегі су ағынын қиындату арқылы тазалау коэффициентін төмендетуі мүмкін. Мұндай жағдайда немесе жуу нәтижесі қанағаттанғысыз болған кез келген басқа жағдайда, ішкі қабырғаларды және бұрылғыш түтіктердегі бүріккіштерді тазалау қажет.
Somat Machine Cleaner құралымен үнемі тазалап тұру (бір-екі айда бір рет) дұрыс болады, себебі сонда ыдыс жуғыш машинадағы көрінетін және жасырылған су өткізгіш бөліктер таза ұсталады.
Ыдыс жуғыш машинаның бүйір жиектерін Somat Machine Cleaner құралының орнына жалпы мақсаттағы тұрмыстық тазартқыштың көмегімен тазалауға болады. Оны дымқыл шүберекпен жағыңыз да, кірді сүртіп алыңыз.

Су төгетін шлангіні иіс тұтқыш ретінде жүретін сифонның алдынан бекіту керек. Сонымен қатар, ирекқұбырда бүктелген жерлер болмауға тиіс.
Екіншіден, ыдыстағы ластың мөлшеріне ыдыс жуу бағдарламасы дұрыс таңдалмаған болуы мүмкін. Бұл електе немесе сүзгілерде қалдық түзілуіне себеп болуы мүмкін.
Шешімі: Somat Machine Cleaner тазартқышының шөлмегін ыдыс жуғыш машинаның ішіне іліңіз де, ең қарқынды бағдарламалардың бірін пайдаланып, нұсқауларға сәйкес тазалау циклын орындаңыз.
Сонымен бірге есік тығыздағышындағы қалдықтар да себеп болуы мүмкін. Шешімі: Шүберекті тазартқышпен сулаңыз да, есік тығыздағышын тазалаңыз.
Егер машинаның ұзақ уақыт бойы пайдаланылмауына байланысты иіс пайда болса, Somat Deodorizing Pearls® құралын қолдану арқылы оған жол бермеуге болады. Somat Tabs 7, 10 немесе Gold құралдары да жағымсыз иістерді кетіруге көмектеседі және әрбір жуу циклынан кейін машинадан жақсы иіс шығуына септеседі.

Тұрмыста қолданылатын ыдыс жуғыш машиналардың барлығын дерлік ыстық су жүйесіне жалғауға болады. Әдетте құйылатын судың ең үлкен температурасы 60 °C градустан аспауға тиіс – толық ақпарат алу үшін ыдыс жуғыш машинаны өндірушімен кеңескен дұрыс. Егер ыдыс жуғыш машина ыстық су жүйесіне жалғанған болса, ыдыс жуу бағдарламасы кезінде суды ысыту үшін азырақ электр қуаты қажет болатындықтан, қуат тұтыну азаяды. Үнемделген электр қуатының нақты мөлшері құйылатын ыстық судың температурасына және бөлме температурасына байланысты болады.
Біздің Somat тазартқыш құралының тазалау өнімділігінің ыстық су жүйесіне жалғанған машиналарда өте жақсы екені дәлелденген. Формуладағы энзимдер сияқты, температураға сезімтал құрамдастардың өздері толық әрекет етеді: бірінші циклдағы ыстық суды (таңдалған температураға қарай алдын ала шаю немесе негізгі цикл) ыдыс-аяқтың және машинаның ішкі қабырғаларының температурасы шамамен 30 °C градусқа дейін суытады.

Егер көп функциялы таблетка (мысалы, Somat All in One немесе Somat Gold ) пайдаланылса, қосымша шайғыш құрал мүлде қажет емес. Сонымен қатар, кермектік мәні 21 °dH шамасына (Германияның кермектік шәкілі бойынша) дейін жететін су үшін ешқандай жаңалау тұзын қосу керек емес. Алайда, машинаны қорғау үшін және ең жақсы нәтижеге жету үшін жоғары кермектік деңгейлеріне жаңалау тұзын пайдалану керек. Машинаның түріне қарай ескерту шамы шайғыш құралдың немесе тұздың жоқ екенін көрсетеді. Егер көп функциялы таблетка дұрыс жағдайда пайдаланылса, бұл шамдарды елемеуге болады.

Қолмен жуатын ыдыс жуғыш құралдар ыдыс жуғыш машинаға жарамайды. Бұл өнімдер шығаратын көбік машинаның түпкі науасына кіріп, “су тоқтату” жүйесін іске қосуы мүмкін. Ондайда машинаны жұмыс қалпына келтіру үшін қызмет көрсетуші техникті шақыруға тура келеді. Дәл сол себептен алдын ала қолмен жуылған ыдыс-аяқты ыдыс жуғыш машинаға салардан бұрын жақсылап шаю қажет.

70/75 °C Қарқынды
Қалыпты – қатты ластанған кәстрөлдер мен табалар

65 °C Қалыпты немесе әдеттегі
Кеуіп қалған тағам қалдығы

50/55 °C Қалыпты немесе әдеттегі
Қалыпты ластанған ыдыс-аяқ

45/55 °C Қуат үнемдеу/Эко
Қалыпты ластанған ыдыс-аяқ (бағдарлама қалыпты бағдарламадан ұзағырақ болуы мүмкін)

35 °C – 45 °C Нәзік/Шыны ыдыс

Жеңіл ластанған, ыстыққа ыдыс-аяқ (әсіресе шыны ыдыстар)

35 °C – 60 °C Жылдам/Қысқа
Кеуіп қалған тағам қалдығы жоқ жеңіл ластанған ыдыс-аяқ (бағдарламаға бір сағаттан аз уақыт кетеді, бірақ қуатты көбірек тұтынуы мүмкін)

Себептері дұрыс емес бағдарламаның таңдалуы, ыдыстың дұрыс салынбауы немесе ыдыс-аяқта қалып қойған ерімейтін қалдық болуы мүмкін. Ыдыстың нашар жуылуына жол бермеудің ең жақсы жолы – тамақ ішіп болғаннан кейін ыдыстан тағамның ең жаман қалдықтарын қырып не сүртіп тастап, дереу ыдыс жуғыш машинаға салу. Машинаға ыдыстың дұрыс салынғанына көз жеткізіңіз. Бүріккіш түтіктер еркін айналуға және бүркетін саңылаулары бітеліп қалмауға тиіс. Ыдыс-аяқты қалай салу бойынша біздің кеңестерімізге сүйеніңіз.

Стақандарда, шыныаяқтарда, шараларда және жіңішке құмыраларда құм шөгінділері ыдыс-аяқ қатты лас болғанда немесе жуу температурасы тым төмен болғанда түзілуі мүмкін. Биік, жіңішке стақандарды үстіңгі сөренің бұрыштарына қоюға болмайды, себебі жуатын су барлық заттарға кедергісіз жете алмайды. Егер тағам қалдықтары жуғанда кетпесе, мұның себебі көбінесе “соқыр аймақтар,” болуы мүмкін, яғни, оларды басқа бұйымдар бүріккіштен қалқалайды. Тағам қалдықтарының қайта таралып, қалып қоймауына жол бермеу үшін сүзгілеу жүйесі мен бүріккіш саңылауларды үнемі тексеріп, бітелген жерін тазалап отырыңыз.

Қара шай шыныаяқта қалдырылса, оның қабырғасында өңез түзеді де, ішінде қалып қояды. Егер жергілікті су тым кермек болса, немесе тіпті шайдың кейбір түрлерінде бұл дақтарды кетіру әсіресе қиын болады. Шай дақтарын ыдыс жуатын ұнтақтың мөлшерін арттыру арқылы немесе Somat көп функциялы таблеткасын 50/55 °C бағдарламада пайдалану арқылы кетіруге болады. Somat 7, 10 немесе Gold таблеткалары шай дақтарын төмен температураларда кетіре алады.

Егер аса майлы ыдыс-аяқ қысқа бағдарламаларда не жылдам циклдарда жиі жуылса, майлы қалдықтары електе жиналып, қалып қояды. Ыдыс жуу бағдарламасын әрқашан да ыдыс-аяқтың ластану дәрежесіне сәйкес таңдау қажет. Ыдыс-аяқты ыдыс жуғыш машинаға салмас бұрын ыдыстағы немесе табалардағы артық май қалдығын қолданылған ас құралдарының көмегімен немесе қағаз сүлгімен қырып тастау керек. Ыдыс жуғыш машинаның ішін оңай тазалау үшін Somat Machine Cleaner құралын (сол жерде сатылатын болса) пайдалануды ұсынамыз.

Егер суды жұмсарту үшін жаңалау тұзы пайдаланылса, жаңалау тұзының сауытынан шығатын тұз ерітіндісінен ыдыста ақ түсті, суға еритін қабат қалуы мүмкін. Бұған мыналар себеп болуы мүмкін:
• Тұз сауытының қақпағы дұрыс жабылмай, тұз ерітіндісі ыдыс жуу камерасының ішіне сығылып шыққан. Мұндай жағдайда қақпақты дұрыстап жабу қажет.
• Қақпақта жіңішке жарықшақ бар, сондықтан оны ауыстыру керек.
• Артық тұз сауытты толтырған кезде ыдыс жуу камерасының ішіне шашырауы мүмкін. Мұндай жағдайда қысқа циклды таңдаңыз да, машинаны ыдыс салмастан бос күйінде іске қосыңыз.

Бұл қақ болуы мүмкін. Мұндай қабат тұз функциясы жоқ тазартқыш ұнтақ немесе таблеткалар пайдаланылған кезде және су жұмсартқыш жүйеде жаңалау тұзы болмаған кезде түзілуі мүмкін. Мұндай жағдайда тұзды қайта толтырыңыз немесе тұз функциясы бар көп функциялы таблеткаларды (мысалы, Somat All in One немесе Somat Gold) пайдаланыңыз. Егер судың кермектігі 21 °dH мәнінен (Германиялық кермектік шәкілі) жоғары болса, тіпті көп функциялы таблеткаларды пайдаланған кезде де қақ түзілуі мүмкін. Мұндай жағдайда, көп функциялы тазартқыш өніммен бірге тұз сауытына да тұз салу қажет. Су жұмсартқыш блоктың жергілікті су кермектігіне сәйкес бапталғанын көру үшін оны ыдыс жуғыш машинаның нұсқаулығына сәйкес тексеріңіз.
Жылдам жөндеу: Somat Machine Cleaner құралын пайдаланып, бос машинаны ең қарқынды бағдарламада іске қосыңыз. Бұл қақтың шөгінділерін кетіреді. Егер жуылған ыдыста ақ түсті, ерімейтін қабат толық қалса, машина тазалағыш құралмен машинаны іске қосқан кезде, жуылған ыдысты орнында қалдыруға болады. Қиыс жағдай: кіреуке сияқты қышқылға сезімтал материалдар немесе зері бар ыдыс-аяқ.

Күңгірттену желінген тағамның түріне байланысты болуы мүмкін. Қыша, жұмыртқа, бұршақ тұқымдастар, балық т.с.с. сияқты, құрамында күкірт бар тағамдар күмістің күңгірт тартуына себеп болуы мүмкін. Ыдыс жуғыш машинада құрамында күкірт бар тағам қалдықтары қолмен жуғанға қарағанда ыдыста көбірек уақыт әрекет етеді. Күмістің күңгірттенуінің себебі тағам қалдықтарынан қалған күкірт құрамаларының ізі болса, Somat таблеткаларының күмісті қорғау функциясы күмістің күңгірт тартуына жол бермейді. Егер тағам қалдықтары көп болса немесе егер машина сирек пайдаланылатын болса, біз күміс құралдарды қолданған бетте қолмен жууды немесе оларды ыдыс жуғыш машинаға салған бетте суық сумен алдын ала шаюды ұсынамыз. Сондай-ақ машинада күміс пен тот баспайтын болаттың бір біріне тікелей жанасуына жол бермеңіз. Алайда, күмістің күңгірт тартуына тек сыртқы жайттар ғана себеп болмайды. Күмістің құрамы және оның қақтау әдісі шешуші рөл атқарады. Мысалы, 800 деген таңбаламасы бар күміс құрамындағы мыстың 1000-нан 200 бөліктік құрамына байланысты алтынды ашық қоңыр түске бояй алады. Сол себептен ол машинада жуу үшін онша жарамайды. Алайда, егер соңынан оған гальваникалық ваннада күміс жалатылған болса, ол 90 не 100 таңбаламасы бар күміс қабат сияқты әрекет етеді. Күміс қабаты уақыт өте келе көне тартқан аса ескі күміс ас құралдары кейде негізгі материалы көзге байқалатындай дәрежеде күңгірт тартуға бейім келеді. Мұндай ас құралдарын бұдан былай машинада жууға болмайды. Жалпы алғанда, күміс ас құралдарының күңгірт тартуына жол бермеу мүмкін емес. Күміс заттардың бүлінген түсін металл жылтыратқышпен кетіруге болады.

Бұл “кемпірқосақ” түстері – гүлді орамжапырақ, балдыркөк, кольраби, саңырауқұлақ, картоп немесе піскен балық сияқты кейбір тағам түрлерінен болатын күңгірттену түрі. Осындай заттектері бар жуған су машинаның ішіндегі басқа заттардың түсінің кетуіне себеп болуы да мүмкін. Бұл кемпірқосақ түстері – болатқа жабысып қалатын аса жұқа қабат. Физиологиялық жағынан олар мүлде қауіпсіз және ыдыс жуғыш машинаны тазартатын құралмен немесе металл жылтыратқышпен кетіріледі.

Тот баспайтын болат ыдыстағы немесе ас құралдарындағы қас-қағымдық тат деп алатын мұндай тот дақтары әдетте басқа көздерден ауысады. Бұл мысалы, кәстрөлдер мен табалардың саптарын бекіту үшін пайдаланылатын тот басудан қорғалмаған бұрандалар болуы мүмкін. Тоттың басқа көздері кіреукесі ұшқан ас ыдысы, қырғыш пышақтар, шай сүзгілері немесе төмен легирленген болаттан жасалған басқа ас үй керек-жарақтары болуы мүмкін. Қас-қағымдық таттың жиі кездесетін тағы бір себебі – ыдыс сөрелеріндегі пластмасса қабаттың бүлініп, астындағы металл шыбықтардың ашылып қалуы. Түзілген тот содан кейін жуылған су арқылы машинаның ішіне тарайды да, тот баспайтын болаттан жасалған заттарға қонады. Ыдыс жуғыш құралдың өзі тот басуына әкеле алмайды. Сирек жағдайларда тот машинаға құбырдан ағатын сумен бірге келуі мүмкін.

Тот баспайтын болаттың жемірілуінің ең жиі кездесетін түрі – ойық дақтар, ол материалды бүлдіреді. Бұған әсіресе пышақ жүздері осал келеді. Ойық дақтар ұп-ұсақ, түйреуіштің ізіндей, жай көзге көрінбейтін тесіктерден басталады. Тесіктер үлкейе келе, түсі қошқыл сұрдан қараға дейін өзгеретін және қиыршық құрылымы бар бүлінген жерлер бірнеше миллиметрге дейін жетуі мүмкін. Бұлайша жемірілудің себебі қорғағыш беткі қабаттың бүлінуі болып табылады. Ауыз судағы және тағам қалдықтарындағы жай тұзда болатын хлоридтер осылайша бүлінуге әкеледі. Тағамдағы қышқылдар да бұл әсерді күшейте түседі. Сондықтан су жұмсартқыштың тұз сауытын толтырған кезде ыдыс жуғыш машинаның түбінде немесе басқа бөлшектерде ыдыс жуғышқа арналған тұздың ұзақ уақыт қалмауын қадағалаудың маңызы зор. Бұған төгілген жаңалау тұзын немесе сауыттан асып төгілген тұз ерітіндісін шайып тастау үшін, жаңа ыдыс жуғыш машиналарда алдын ала шаю циклын не қысқа циклды орындау арқылы жол бермеуге болады. Тазартқыш ерітінділер сияқты сілтілі өнімдер тот баспайтын болат беттерде ойық дақтарды тудырмайды.

Бозғылт көмескі тұстарды тудыратын шыны жемірілуінің өрбуі шынының түріне және ыдыс жуу жағдайларына байланысты болады. Химиялық заттарға төзімділігіне қарамастан, шыны тіпті таза судан да немесе сулы ерітінділерден де бүлінуі мүмкін. Нәтижесінде заттектер шайылып кетеді де, шыны тозған сияқты түрге енеді. Бұл әсер сулы фаза мен құрғақ фазаның үздіксіз өзгерісі мен температураның күрт ауысуы (аралық жуу циклы кезінде) арқылы күшейе түседі. Дегенмен, шыны ыдысты ыдыс жуғыш машинада жуудың нәтижесінде көмескі немесе бозғылт жолақтар сияқты көзге байқалатын әсерлер пайда болғанша ұзақ уақыт өтуі мүмкін. Шыны әдетте жалтылдаған мөлдір болатындықтан, барлық олқылықтар кенеттен көзге түседі. Мұның қолданылатын тазартқыш құралдың түріне қатысы жоқ. Шыны жемірілуінің бұл түрі автоматты ыдыс жуғыш құралдың кез келген түрімен орын алуы мүмкін. Бірақ The Somat All in One немесе Somat Gold құралдарында кіріктірілген шыны қорғау функциясы бар, ол шыныны жемірілуден ұзақ уақыт қорғауға көмектеседі.

Болашаққа арналған пайдалы кеңес: Жаңа шыны ыдысты сатып алған кезде, ыдыс жуғыш машинаға жарамдылығына қатысты таңбаламаны не ескертпелерді іздеңіз. Кейбір өндірушілер шыны ыдыс-аяқтың ыдыс жуу циклдарының орнатылған санына шыдайтынына кепілдік береді.

Су өткізбейтін беткі қабаты пластмассаның сулануын қиындатады. Кептіру кезінде бұл ұсақ тамшылардың түзілуіне себеп болады. Қонымен қатар, пластмасса қызуды мүлде дерлік сіңірмейді. Сондықтан ол материалдардың басқа түрлеріне қарағанда баяуырақ кебеді. Пластмассадан жасалған заттардың (беткі қабатының) күйіне (пайдаланылған мерзімі, бұдыр беткі қабаты, сызаттары, т.с.с.) және ыдыс жуғыш машинаның кептіру мүмкіндігіне қарай кейбір жекелеген заттар машинадан сәл дымқыл күйінде шығуы мүмкін.

Сызаттар әрқашан шынының бетіне механикалық әсер етудің нәтижесінде түседі. Күнделікті пайдаланылатын стақандардың ішінде осындай нұқсанға ұшырамайтыны кем де кем. Ыдысты машинада жуу кезінде сызаттар мен жарықшақтар әсіресе стақандар бір біріне немесе басқа қатты заттарға соғылған кезде пайда болады. Мұндай жағдай олар машинаға салынып жатқанда немесе сөреге бір біріне тиіп кететіндей тым жақын орналастырылған кезде орын алады. Стақандар жуу барысында айналып тұратындықтан, бұл ернеуін айналдыра сақина тәріздес қырылған таңбаларға әкелуі мүмкін. Бір жарықшақ немесе бүкіл стақанды ораған көп жарықшақ болуы мүмкін. Сондай-ақ олар қосылып кетіп, ақ таңдақ немесе шеңбер түзуі мүмкін. Ұсақ жарықшақтар әдетте жай көзге көрінбейтін бастапқы нұқсан болып табылады. Микроскоппен бір біріне айқыш-ұйқыш жатқан өте жіңішке сызаттарды байқауға болады. Олар тек ыдыс жуғыш машинада қайтадан жуғаннан кейін жіңішке жарықшақтар түрінде көрінеді. Әдетте шыныдағы сызат тәріздес таңбалар жай адамның көзіне бірден көрінбейді. Стақан машинада неғұрлым жиі жуылса, сызат тәріздес таңбалар солғұрлым жақсырақ көрінеді, себебі су және сулы жуғыш ерітінділер сызаттар мен жарықшақтарға сіңе береді. Нәтижесінде босап қалған шыны бөлшектері ажырап кетеді. Соған қоса бұл үдерісті ыстық тазалау циклы мен суық температуралы циклдың арасындағы температураның төмендеуі жеделдетеді.

Шынының беті өте тегіс болады және ештеңе өткізбейді деген кең тараған пікірге қарамастан, оның құрылымы бұдыр әрі тегіс емес, оны микроскоппен көруге болады. Кірдің ұсақ бөлшектері ыдысты пайдаланған және жуған кезде осы саңылауларға кіріп кетуі мүмкін және ыдыс жуу жағдайларына (таңдалған бағдарлама, жуу температурасы, бүрку қысымы және т.с.с.) байланысты шыныны жуған сайын әр кез оны кетіру мүмкін бола бермеуі ықтимал. Әсіресе биік стақандардың түбіне бүріккіш әрқашан жете бермейтіндіктен, оларда бұл құбылыс жиірек орын алуы мүмкін. Химиялық үдерістерге байланысты бұл бөлшектер уақыт өте келе өзгеріске ұшырап, стақаннан иіс шығуына әкеле алады. Стақан пайдаланылған кезде иіс стақандағы сусынға ауысады. Бұл әсер әсіресе газдалған минералды суда байқалады, себебі көмірқышқыл газдың көтерілген көпіршіктері стақанның қабырғасынан бөлшектерді ажыратып, судың бетіне көтереді.
Біраз уақыт пайдаланылған стақандардың шынысының жемірілуі беткі құрылымының өзгеруіне әкеледі де, аса ұсақ бөлшектердің беткі қабатқа тұтылуын оңайлатады.
Стақаннан жағымсыз иістерді кетіру үшін стақандарды жоғары температурада қатарынан бірнеше жуу көмектесуі мүмкін. Мұны іске асырған кезде бүріккіш стақандардың беткі қабатының әр бөлігіне жететіндей етіп орналастыру керек. Стақандардың күйі мен қолданылған уақытына қарай олардың иісін толық кетіру мүмкін болмауы ықтимал.